Клара
Сборник стихов написанных в период с 2003 по 2011
Жеткізсем деп ойымды өлеңменен,
Өлең жазып әрдәйім елеңдегем.
Алып ұшып көңілім отыр бүгін,
Жүректегі сырымды төгем деп ем.

Өлең жаз деп өтінген құрбыларым,
Ағытайын сендерге сыр бұлағын.
Бантик таққан сәби кез алыстапты-ау,
Жазғым келді сендерге сырды мәлім.

Сұлу сазға жүрегім елжіреген,
Жасқа толған көздерім мөлдіреген.
Құлазып мен отырмын күйім болмай,
Жұбатамын көңілді енді немен.

Сыр бүкпеген, аяулы құрбыларым,
Кей сәттерде неге мен тұнжырадым.
Қара түнде жұлдызға қарап тұрып,
Жан анамды сағынып шын жыладым..


Әкеге
Сізге айтар ілтипатқа сөз жетпес
Сый құрметке сіздей ешкім бөленбес
Ашық жарқын жүзіңізден айналдық
Өмір сүйген жаныңызды сыйладық

Алтын әке, сапарыңыз-мәңгілік
Қимасақ та, тартып алды тіршілік
Елге жаққан жұлдызыңыз ақпасын
Алла берген ұрпағыңыз жалғассын

Жылдар өтсін, ұрпақ өссін, көгерсін
Әкеміздің жалғастырып есімін
Шөбереңіз бүгін әріп оқыса
Немерелер шыңын алған білімнің
Әселіңіз Мемлекеттің атынан
Астанада енбегімен танылған
Ерсініңіз жаныңыздың жақұты
Жолын қуып екі ағасын қуантқан

Білім іздеп Тимур, Дәурен шет елде
Танымассыз, ағылшын боп кеткен бе?
Өзіңізбен маған тартқан сары кыз
Анель биыл білім орнын іздеуде

Аузыңыздан тастамайтын жолдарда
Ең тәттілер еске алады сағына
Индира мен Жұлдызыңыз бой жетіп
Той әуені шалынады құлаққа
Жақындады жыл толуға, кеттіңіз
Алыс сапар мәңгі екенін сездік біз
Үйді аңсап Алматыдан келгенде
Күтіп бізді қақпа ашатын едіңіз

Сағынсақ та жыламаймыз, өмір бұл
Үй түтінін сөндірмейді екі ұл
Үйді аңсап келіп қалсақ алыстан
Қақпа ашып Ернұр бүгін күліп тұр

Есімізде соңғы өсиет, батаңыз
Қабыл болған батаңызбен аманбыз
Ерекше еді өзгелерден ойыңыз
Ойыңыздан шықсақ дейді санамыз

Апаға
Ұршық иірген, кимешек киген,
Әжімімен келіскен,
Апам менің, бала шағым
Бақытты шақ елесінен.

Не күтемін өмірден
Сұрағым еді жас кезден,
Пешенеңе жазылған,
Дейтін апам басынан.

Жазылған болса маңдайға
Оқыр еді ғалымдар
Сұрағың жатады күнәге
Күнәhар болма бекерге.

Дейтін апам жай ғана
Әңгімесі немеремен
Кайшы еді дінімен
Еске түсіріп өкінем.

Ұршық иірген, кимешек киген,
Әжімімен келіскен,
Апам менің, бала шағым
Бақытты шақ елесінен.

Ақылды ең, ақылшы ең
Талай жанды қаратқан
Ақыл сөзің есте қалған
Санамызды жандырған.

Еркек үйдің тірегі
Дауысыңды көтерме
Дауысыңды көтерсең
Кетеді үйден берекең.

Қыздың жолы жіңішке
Әлпештеп өт кеткенше
Сол кездегі тәрбие
Ескірсе де – өнеге.

Ұршық иіру, кілем тоқу,
ішік тігу, ою қырқу,
Төсек жинау тәртібімен,
Шай құю сызылумен.

Ыдыс-аяқ қаусап жатпай,
Жуғаныңда дыбыс шықпай,
Білу, істеу міндет қызға
Барған жерде қалмас сорға.

Айта берсем жетпес уақыт
өсиеттей қалды баста
Апамыздың ақылдары
Ойда жүрсін әрбір жаста



Ұршық иірген, кимешек киген,
Жан әжемді сағындым.
Елес боп өткен, қайда сол көктем,
Жан анамды сағындым.

Балалық шағым, қайда сол бағым,
Уақытқа мен бағындым.
Алыстап кеткен, армандай көктем,
Екі анама табындым.

Тәрбие берген, өмірді көрген,
Қайран да менің қос анам.
Сағынып бүгін, табынып бүгін,
Көңілім шіркінің босаған...



Немересі Байсалға
Екі жыл мен алты ай
Ең қызықты кездер ай
Кеше ғана нәресте ең
Кызығыңа батам ай.

Кетіп еді киноға
Караңыз деп Байсалға
Шешесі мен әкесі
Қуандым мен бұл жайға.

Қуандым да, біз қалдық
Байсалыммен ойнадық
Өтіп жаткан уақыт
Ойнадық та шаршадық.
Барып едім алдында
Қыздарыммен мен тауға
Соның бе екен әсері
Көңілім ауды жастыққа.

Түсінгендей балапан
Әжесімен қисайған.
Анда-санда анасын
Жыламастан сұраған.

Телефонды мен алып
Аулап көңілін бұралып
Балапанға көрсетіп
Жаздым хатты қисайып.
«Қайдасыңдар, келіңдер!
Ұйқы келді көз ілер
Әжесі де, балапан да
Күте күте, елжірер.!»

Балапанға көрсеттім
Ұрыстым дедім екеуін
Папаң менен мамаңның
Келулерін тездеттім.

Бұрып басын соткаға
Ұрысшы әже тағы да
Дегенінде балапан
Ұйқым қашты қияға.

Кұтты болсын туған күнің балапан

Туған күнің бүкіл елді жинатқан

Еркеледі анасына баласы
Киінбеуі ызалатты анасын
Аударайын әңгімемен назарын
Деп сөзімді мейрамына баладым
Туған күнің келе жатыр Байсалжан
Туған күнің жақсы өтеді тыңдасаң
Алдаймыз деп айналдык біз баладан
Сұрағанда: «келе жатыр кім маған?»
Мейрамына не сыйлайық сұрадым
Атасы да күтіп еді жауабын
Дөңгеленді екі көзі жауаптан
«Ұшақ» деген құлап қалдық жауаптан

Ғалия жеңгесіне
Сұлусың да, ақылдысың, Галя жаным!
Бұл қасиет қос жүретін сирек жанның!
Ақылыңа сай келгенін сұлулықтың
Екі балаң сыйлай жүрсін, бағаласын!

Туыс болып біз сыйлаймыз әрқашанда
Жас қоса бер, жасара бер жылдан жылға
Білмей қалса бір көшені Рекең кейде
Сұрап жүрсін қартайғанда сенен ғана.
Балажансың, немере сүй ертеректен
Толсын үйің қызығына, шөбере сүй
Шулап кетсе «қайт үйіңе» деген сөзбен
Әзілдесіп жүрген кезге жете бергін.

Сезімді де ұмытпағын, Галя жаным
Әйел деген атың бар ғой, әлі жассың
Балаларың түсінсе, біз түсінеміз
Сыңар тауып бұл өмірде бағың жансын!

Досы Разиханға
Білмейтіні жоқ десем бәрі сенер
Бір басына мың идея сиып кетер
Кейде ғана артқа тартар күйеуі бар
Ол болмаса, космосқа да ұшып кетер
Made on
Tilda